Мұрағат сәулетшісі Владимир Александрович Лаптев. Мұражайға келушілер үшін өз есігін ағымдағы жылдың басында ашты. Мұражай еліміздің бас алаңы – Тәуелсіздік алаңында орналасқан. Оның асқақ бірегей ғимараты осы маңдағы «Қазақ елі» монументімен, Тәуелсіздік сарайымен, Бейбітшілік және Келісім сарайымен, «Хазірет Сұлтан» мешітімен және Ұлттық өнер университетімен үйлесім тапқан.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде табылған көптеген құнды дүниелер Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайының баға жетпес қорын құрайды. Мұражай ғимараты ерекше пішінімен алыстан көз тартады. Аса ірі бірегей музей кешені 74 000 шаршы метр жерді алып жатыр және тоғызыншы қабатқа дейін ауыспалы қабатты болып келетін жеті блоктан тұрады.
Жалпы көлемі 14 000 шаршы м. асатын экспозициялық алаң 11 залды алып жатыр. Мұражай дүниежүзілік стандарттарға сәйкес жабдықтармен жарақтандырылған, экспозициялар үшін заманауи көрме технологиялары: екі залға жұмыс істейтін арнайы контенті бар бірегей иілген экран, медиа еден, қазіргі Астананың орталық бөлігінің серпінді макеті, толып жатқан медиаэкрандар, голограммалар, диодты жарық LED-техника, сенсорлық дүңгіршектер, үш тілде ақпарат беретін мультимедиялық жолсерік пайдаланылады.























































